Алатау қалалық ауруханасында инфекциялық бақылау мейірбикесі жіті инфекциялық аурулар бойынша эпидемияға қарсы іс-шаралар шеңберінде "Тырысқақ: емдеу, алдын алу. Инфекцияны анықтау кезіндегі іс-қимыл алгоритмі" тақырыбында оқыту семинарын өткізді.
Тырысқақ – адамнан адамға жұғатын жіті ішек жұқпалы ауруы. Тырысқақ басқа жіті ішек жұқпаларынан клиникалық ағымының ауырлығымен, жоғары өлім-жітімімен және салыстырмалы түрде қысқа мерзімде ауқымды аумақтарға таралып, халықтың көпшілігіне жұқтыру мүмкіндігімен ерекшеленеді.
Тырысқақтың алдын алу шаралары мынадай:
- жеке гигиена шараларын сақтаңыз: тамақ ішер, тамақ дайындар алдында, әжетханаға барғаннан кейін қолыңызды мұқият жуыңыз;
- қайнатылған немесе бөтелкедегі суды ішіңіз;
- ұйымдастырылған демалысқа рұқсат етілген су айдындарында шомылыңыз;
- теңіздің, мұхиттың және басқа да су объектілерінің шикі және жеткіліксіз пісірілген өнімдерін пайдаланбаңыз;
- азық-түлік, жеміс-жидек пен көкөністі рұқсат етілген сауда орындарынан сатып алыңыз;
- жемістер мен көкөністерді қайнатылған немесе бөтелкедегі сумен мұқият жуыңыз.